Жәрдемақы мен жөргекпұл жарытпайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4131

Біздің билік Ресейдің "Ана капиталы" жобасын елімізге енгізу мәселесіне әлдеқашан нүкте қойып қойған. 

Жәрдемақы мен жөргекпұл жарытпайды

Апта басында денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға инвестициялық қолдау азаятыны белгілі болды. Осы жылдың 7 айында денсаулық сақтау саласына 17,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға аз екен.

Қаржы саласының маманы, экономикалық сарапшы Алексей Соловьев бюджетке  қаржылық салмақ түсіретін жобалар мақсатты түрде қысқартылып жатқанын айтады.

"Ресми билік медициналық сақтандыруды жалпыға бірдей міндеттеу арқылы біраз  жауапкершілікті жеке сектормен бөлісе бастады. Президент 4 қыркүйек күні өткен парламент отырысында бұл қадамға асықпай бару қажеттігін айтты. Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды  бір немесе екі жылдан кейін қайта қолға алатынымызды мәлімдеді",  – деді ол.

Алексей Соловьев  денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға инвестициялық қолдау көрсетуді қысқарту асығыстықпен қабылданған шешім екеніне назар аудартты.

"Қазақстан тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдауға басымдық беріп отырған ел. Біз бұл қадамға қаржымыздың тасығандығынан емес, сақтандыру саласының қатты ақсап жатқандығынан барып отырмыз. Дамыған елдердегі форс-мажорлық сипаты бар төтенше жағдайлардан келетін шығын көлемін сақтандыру компаниялары көтереді.  Ал бізде шығынның бәрі  мемлекет қалтасынан өтеледі. Халық та мемлекеттің көмегіне иек артуды үйреніп алған. Бұл КСРО жүйесінен қалған масылдық кеселінің сарқыншағы. Үкімет денсаулық сақтау саласына қаржы бөлуді азайту туралы шешімін қайта қарайтын шығар. Себебі дәл қазір саланың жүгін жеңілдетуге дайынбыз деп иығын тосып тұрған жеке сектор көрінбейді. Бізде билік пен бизнестің әріптестігі сөз жүзінде ғана әрекет етеді. Ресейде ана капиталына жұмсалатын қаржының 70%-ын қалталы азаматтар өтейді. Бұл іс ана капиталы бағдарламасы аясында жүзеге асырылады", – дейді Алексей Соловьев.

Әлеуметтік сипаты бар, халықтың жағдайына кері әсер ететін жобаларды тоқтатуға бюджеті бізді 10 есе орап алатын Ресейдің де батылы бара бермейді екен. Мұндағылар 2017 жылдан бастап әлеуметтік нысандарға қаржы бөлуді көбейтіп отыр. Соның бірі 2007 жылдан бастап қаржыландырылып келе жатқан "Ана капиталы" бағдарламасы.   Салыстыра үшін айтайық, 2007 жылы бұл бағдарлама бойынша әрбір ана дүниеге сәби әкелгені үшін мемлекеттен 250 мың рубль алса, 2017 жылы осы сома 450 мың рубльге өскен. 10 жыл ішінде бұл бағдарлама 10 рет өзгергенген. Өзгермей қалған бабы - қаржыны жұмсау құқығы тек балаға ғана беріледі деген бабы екен.  

"Жақында Ресей президенті Владимир  Путин  демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпайтынын, ана капиталына алдағы 3 жылда бюджеттен қосымша 70 млрд рубль қаржы бөлінетінін айтты", – дейді Алексей Соловьев.

Біздің үкімет ана капиталын бізде ашу әзірге жоспарда жоқ дегенді бұрын да айтқан, бүгін де айтып отыр. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жыл басында журналистермен жүздескен кезде ана капиталы мәселесінің министрлік деңгейінде талқыланғанын айтты.

"Біз ана капиталын жәрдемақы мен жөргекпұлға төленетін қаржымен алмастыруды дұрыс деп таптық", – деген министр ханым осы тақырыпқа нүкте қойды.

Бізде бала күтіміне қатысты жәрдемақының мөлшері көршілес елдермен салыстырғанда төмен екенін билік те мойындайды. Өйткені ол көзге көрініп тұр.

Саясаттанушы-демограф Әзімбай Ғали көпбалалы және жұмысы жоқ аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту туралы жеке заң қабылдайтын, бала күтімімен үйде отырғаны үшін анаға да қосымша жәрдемақы бөлуді заңдастыратын кез келгенін айтады. Оның ойынша, оншақты бала туып, сол балалардың жәрдемақысымен күн көріп отырғандар жетеді. Қазіргі өлшеммен қарасақ бала туған ананың әлеуметік мәртебесі ұмыт қалған, назардың барлығы баланың жергөкпұлы мен тамағына жұмсалар қаржыға ауған. 

"Ана мен балаға мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы құжат көп. Тіпті біз олардың есебінен жаңыла бастадық.  Ауылдағы аналар өзінің заңдық құқығын білмейді. Сондықтан мәселені заңдастырғанымыз жөн. Мүмкін үйде отырған анамен келісімшарт жасап, мемлекеттен арнайы жалақы беру керек шығар", – дейді Әзімбай Ғали.

Әзімбай Ғали  ұлттық демография мәселесімен кешенді түрде айналысатын мамандар аз екенін, сол себепті ана мен балаға берілетін жәрдемақы көлемі статистика бойынша белгіленетінін баяндады.

"10 жыл бұрын халық санын 16 млн-ға жеткізуге бағытталған түрлі бағдарламалар, іс-шаралар жоспары дайын­далды. Бала тууды көбейту, адам өмірін ұзарту шаралары, өлімді, оның ішінде ана мен бала өлімін қысқарту мәселелері мемлекеттік бағдарлама ретінде негізделді. Енді бастаған іске қайта оралып, оның қаржылық тұғырнамасын қайта қарау керек, – деді Әзімбай Ғали.

Сарапшылар соңғы 10 жылда халық ауыл емес, қала тұрғындарының есебінен көбейіп келе жатқанын айтып жүр. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау сияқты ірі мегаполистердің мектептеріндегі 1 сыныптардың саны жиырмаға жеткен фактілер бар. Ал ауылда, әсіресе шекаралық өңірлердегі мектептер бала саны толмағандықтан жабылып жатыр. Кезінде демографиялық өсім берген ауылдын бүгінгі жағдайы осындай.

Осыдан біраз бұрын 2015 жылы "20 млн-ға жетеміз" деген сөз биік мінберлерден жиі айтылып жүрді. Қазір 2017 жыл бел ортасынан ауып барады. Ресми мәлімет бойынша, шілде айында халқымыздың саны 18 млн-ға жетті.

"20 миллиондық межеге қай ұлттың есебінен жетеміз?"  – деген журналистердің  сауалына үкімет ләм-лим деген жауап берген жоқ. Соған қарағанда біз алтын құрсақ аналарымыздың мүмкіндігіне емес, ойдан-қырдан қашқан мигранттардың қарасына иек артатын сияқтымыз.

Қаржыгер-экономист Ғалым Байназаровтың пікірінше, Ресейдегі ірі жобаның қазақы нұсқасын қаржыландыруға біздің де шамамыз жетеді деген ойда.

"Үкімет құрамындағы біраз шенеуніктердің санасында мемлекетшілдік пен ұлттық мүдденің беті бері қараса, біраз өзгерістердің болып қалуы мүмкін. Бәрі ниетке байланысты", – деді қаржыгер.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу